Skip to main content
Нұсқаулар

Әл-ауқат бойынша нұсқаулық

Психикалық Денсаулық

Біз пайдаланушыларымыздың қамын ойлап, оларға тірек болатын ортаны қалыптастыруға ұмтыламыз. Осы мақсатта TikTok серіктестермен және сарапшылармен бірлесіп әл-ауқатты жақсарту бойынша құралдар жиынтығын әзірледі.

Психикалық Мәселелер Туралы Бөлісу

TikTok-та кез келген адам өзінің психикалық денсаулығы жайлы бөлісе алады. Біз қауымдастық мүшелері үшін өздерінің тәжірибесімен, кеңестерімен және қалпына келу тарихымен бөлісуге болатын демеуші орта құрғымыз келеді. Алайда психикалық денсаулық оңай тақырып емес. Өрлеу мен құлдырау, жаңа жетістіктер мен сәтсіздіктер әрбір адамда болып жатады. Сол себепті біз басқалармен сөйлескенде құрметпен қарауға кеңес береміз. Мұндай кезеңдерде қызу бәсекелестікке салынбаған жөн. Бұл құралдар жиынтығында қауымдастықтың басқа мүшелерінің жеке шекарасын бұзбай, психикалық денсаулық туралы байқап сөйлеу бойынша ұсыныстар берілген.

Өз жағдайыңызды айтып беру үшін ыңғайлы орын мен уақытты таңдаңыз. Видео жазбас бұрын, өзіңізге төмендегі сұрақтарды қойып көріңіз:

  • Мен мұнымен неге бөліскім келеді?
  • Мен жағдайымды тек отбасым мен жақын достарыма айтып бере аламын ба әлде үлкен аудиториямен бөлісуге дайынмын ба?
  • Менің жағдайым басқаларына көмектесе ме? Ол маған немесе басқаларына зиянын тигізбей ме?
  • Менің жазбамның астында басқа адамдар өз өздерінің ауыр жағдайларымен немесе қарсы пікірлерімен бөлісуі мүмкін. Мен оларды тыңдап, қолдауға дайынмын ба?

Бөлісу туралы ниеттен бөлек, нені бөліскіңіз келетіні де маңызды. Зерттеулерге сүйенсек, қиындықтарды жеңу, үміт және қалпына келу туралы оқиғалар басқаларына демеу береді. Өз ойыңызды дәл жеткізе алатын болсаңыз, ерекше көзқарастарыңыз немесе тәжірибеңіз бар болса, оларды неге бөліспеске? Алайда ұқыпты болыңыз, себебі мұндай контент басқаларының көңіліне тиюі немесе ауыр күйге түсуіне түрткі болуы мүмкін. Сондай-ақ TikTok Қауымдастық Ережелері өз-өзіне қол жұмсауға, өз-өзіне зақым келтіруге немесе тамақтану мінез-құлқының бұзылуына әкелетін әрекеттерді бейнелейтін, насихаттайтын, қалыпты нәрсе ретінде көрсететін немесе дәріптейтін контентке тыйым салатынын есте сақтаңыз. Не туралы айтқыңыз келетінін әлі білмейсіз бе? Мына тақырыптардың бірінен бастап көрсеңіз болады!

  • Психикалық денсаулығыңызды күтуге не ынталандырады?
  • Сізге қандай ресурстар, өз-өзіне көмектесу бойынша кеңестер және басқалардың қандай қолдауы зор көмектесті?
  • Психикалық денсаулығыңызды күтуге қандай пайдалы әдеттер көмектеседі?
  • Ұқсас қиындықтарға тап болған басқа адамдарға не айтар едіңіз?
  • Қиындықтарға жолыққан адамдарға қолдау беру үшін не істеуге болады? Ал өзіңіз қандай қолдау алғыңыз келеді?

Ұсыныстар

  • Қалпына келуге қатысты хэштегтерді (мысалы, #MentalHealthAwareness) пайдаланыңыз.
  • Басқа пайдаланушылар бөліскен оқиғаларға жауап берген кезде әдептілік сақтаңыз.
    • Мұндай ақпаратпен бөлісетін адамдар демеу іздейді, сондықтан мейірімді болыңыз, эмпатия танытыңыз.
  • TikTok қауымдастық мүшелерінің арқасында жұмыс істейді, сондықтан қауіпсіз әрі позитивті орта құру — өз қолымызда.
  • Видеоға және тақырыпқа жергілікті сенім телефонын қоссаңыз болады. Мұндай қызметтер тізімі осы жерде қолжетімді.

Мынадай жағымсыз әрекеттерден аулақ болыңыз

  • Басқа адамдардың психикалық денсаулығына қатысты жеке қиындықтар туралы рұқсатсыз ашып айтпаңыз және өсек таратпаңыз.
  • Психикалық денсаулық жағдайларына қатысты қолдау іздеуге кедергі келтірмеңіз.
  • Психикалық ауруларды немесе ондай аурулары бар адамдарды келемеждемеңіз.

Мұндай контент ауыр күйге түсіруі, абыройынан айыруы немесе психикалық денсаулыққа қатысты қиындықтарды болмашы сияқты етіп көрсетуі мүмкін.

  • Өзіне-өзі қол жұмсау кезінде пайдаланылған құралдар, әдістер, өлім орын алған жер, өлім алдындағы хаттар немесе хабарлар туралы мәліметтер мен кескіндерді көрсетпеңіз. Мұндай контент осыған ұқсас жағдайға тап болған қауымдастық мүшелерін уайым-қайғыға салуы және/немесе абайсызда жаңа жағымсыз идеялар тастауы мүмкін. Өзіне-өзі қол жұмсау құралдары мен әдістері туралы мәліметтерді тарату аса қауіпті. Мұндай контент TikTok-тан жойылады. Бұл ережелер әсіресе жұлдыздар мен атақты адамдардың өзін-өзі өлтіруіне де қатысты. Мұндай контент суицидтің романтизациялануына әкелуі мүмкін.
  • «Өз-өзіне қол жұмсады», «өзіне-өзі сәтті/сәтсіз қол жұмсау», «өзін-өзі өлтіруге сәтсіз талпыныс» деген сияқты сөздерді пайдаланбауға тырысыңыз. «Өлім» сөзі өзін-өзі өлтіру қылмыс болып табылатынын білдіреді және біреудің абыройына дақ түсіреді. Соның салдарынан суицидтік ойлары бар адамның көмек іздеуге батылы жетпеуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай сөздер жақыны осындай жолмен қайтыс болған адамдарға ауыр тиюі мүмкін. Оның орнына «Өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан қайтыс болды» деп айтқан дұрыс. «Сәтті» немесе «сәтсіз» деген сияқты сөздер өзін-өзі өлтірушілікті тартымды етіп көрсетуі мүмкін.
  • Өзіне-өзі қол жұмсауды еліктіргіш, романтикалық, пайдалы нәрсе немесе ерлік ретінде сипаттамаңыз. Өзіне-өзі қол жұмсауды позитивті және/немесе мақтауға лайықты іс-әрекет ретінде көрсету оны басқа пайдаланушылардың мәселелерді шешудің немесе қиындықтардан қашудың жолы ретінде қарастыруына әкелуі мүмкін.
  • Суицидке бейім адамдарды «есалаң», «псих», «есі дұрыс емес», «жынды» немесе «топас» деп атамаңыз. Бұл айып тағушы сөздер болып табылады. Мұндай сөздер теріс стереотиптерді нығайтып, суицид және психикалық аурулар тақырыбын масқаралайды.
  • Өзіне-өзі қол жұмсау немесе зақым келтірудің бір ғана себебін табуға тырыспаңыз. Адамдар суицидке бір ғана қиындықтан бара қоймайды. Әдетте өмірден кету туралы шешім көптеген факторлардың тіркесімінен туындайды. Осы нәрсені түсініп, басқаларымен бөлісу жаңылыстардан құтылып, қауіпсіз, конструктивті талқылаулар жүргізуге көмектеседі.
  • «Соған бола көңіліңді түсірме», «уайымдама, бәрі жақсы болады», «еңсеңді көтер, әлі-ақ бәрі жақсы боп кетеді» деген сияқты кеңестерді пайдаланбаңыз. Мұндай сөздер қолдау көрсеткен сияқты болып көрінгенімен, оны естіген адам жағымсыз эмоциялар сезінуі мүмкін. Одан да эмпатия танытыңыз, басқалардың қиындықтарға ұшырап, соның салдарынан әртүрлі сезімдерді бастан кешіп жатқанын мойындаңыз.
  • Тамақтану мінез-құлқының бұзылуы — елеулі мәселе екені сөзсіз. Жазбаларыңызға кәсіби дереккөздерге («Tiktok-тағы тамақтану мінез-құлқының бұзылуы туралы ресурстар» бетінен іздеңіз) сілтемелерді қосуға тырысыңыз, сонда қолдауға мұқтаж қауымдастық мүшелері сенімді ақпарат пен ресурстарға тікелей өте алатын болады.
  • Сіз платформада өзара қолдау және қамқорлық танытатын кеңістікті жасауға көмектесе аласыз. Сіз басқа адамдарға өз денесін қабылдауға, өзін-өзі жоғары бағалауға көмектесіп, өзін қадірлеп, ұқыппен қарауға шақыра аласыз.
  • Тамақтану мінез-құлқының бұзылуы және оның симптомдары туралы айтылған сөздер қауымдастық басқа мүшелерінің үрейін туғызуы мүмкін. Тіпті бұл мәселе туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған немесе қалпына келу процесі туралы сөз қозғалатын видеоларда нақты тамақтану және жаттығу схемаларымен бөліспеген абзал. Одан гөрі мұндай мәселелер өміріңізге, мысалы, тамақтану мінез-құлқының бұзылуы көңіл-күйге, өзіңізге деген бағаға, достарыңызбен қарым-қатынасқа және өміріңіздің басқа да тұстарына қалай әсер ететіні жайлы айтуға тырысыңыз.
  • Тамақтану мінез-құлқының бұзылысы бар адамдар тіпті бұл қиындықты жеңіп, қалпына келу жолында болса да, оларға «дейін және кейін» деген сияқты суреттерді көрген ауыр болуы мүмкін. Салмақ тамақтану мінез-құлқының бұзылысынан құтылғандықтың көрсеткіші бола алмайды. Бұл аурудан емделу процесіндегі талқылауларда салыстырмалы суреттерді пайдаланбаған жөн..
  • Нақты сандар жағымсыз сезімдерді еске салуы мүмкін, сондықтан қазіргі немесе бұрынғы салмағыңызды, калориялар санын, ДМИ, киім өлшемі немесе оңай салыстыруға келетін басқа да параметрлерді көрсетпегеніңіз дұрыс.
  • Психикалық денсаулық туралы әңгімелер алуан түрлі эмоция туғызады. Өз-өзіңізге ұқыппен қараңыз, дер кезінде күтім жасаңыз.
  •   Басқа пайдаланушылар сізбен сөйлескісі келуі немесе көмек сұрауы мүмкін. Мұндайда бөлісу үшін пайдалы ресурстарға сілтемелерді дайындап қойсаңыз, жеке шекараңызды ешкім бұза алмайды. Есіңізде болсын: сіз басқа адамдардың әрекеттері мен таңдаулары үшін жауапты емессіз. Сізбен қандай тақырыптарды талқылауға болатынын нақты белгілеп қойсаңыз болады. Қосымша ақпарат алу үшін қиын жағдайдағы қауымдастық мүшелеріне қолдау көрсету бойынша құралдар жиынтығын қараңыз.
  • Түптеп келгенде, бақылау өз қолыңызда. Жауаптарды сүзгілеу және қолданбаны пайдалануға ыңғайлы ету үшін Tiktok-тағы қауіпсіздік және құпиялылықты басқару құралдарын пайдаланыңыз:
    • Аккаунт реттеулері. Сізге жазылу және жазбаларыңызбен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін шектеу үшін, аккаунтыңызды жауып қойыңыз. Яғни жаңа жазылушылар сізге сұрау жіберуі қажет болады, ал оны қабылдау не қабылдамау керектігін өзіңіз шешесіз. Контентіңізді тек мақұлданған жазылушылар көре алады. Егер 16 жасқа толмаған болсаңыз, аккаунтыңыз әдепкі бойынша жабық болады.
    • Пікірлер. Кім пікір қалдыра алатынын таңдаңыз — «Ешкім», «Достар», «Барлығы» (тек 16 жастан жоғары пайдаланушылар үшін) немесе пікірлерді толықтай өшіріп қойыңыз. Сондай-ақ пікірлер сүзгісін өзіңіз жасауыңызға болады. Ол үшін жеке кілтсөздер тізімін жасаңыз, сонда сол сөздерді қамтитын пікірлер автоматты түрде жасырылады.
    • «Қызықты емес». «Ұсыныстар» бетінде белгілі бір контент түрін көргіңіз келмей ме? Видеоны басып ұстап тұрып, «Қызықты емес» опциясын таңдаңыз.
    • Шағымдану. Егер TikTok қауымдастық ережелерін бұзатын контентті көрсеңіз, қолданба ішінде мына қадамдарды орындау арқылы шағым жіберуіңізге болады.

Ресурстар

TikTok-тың Қауымдастық Ережелерінде суицидке және өзіне-өзі зақым келтіруге қатысты контент туралы не айтылғанын біліп, тиісті ресурстарға сілтемелерді табу үшін осы бетке кіріңіз.

Бұл құралдар жиынтығы Суицидтің алдын алу бойынша халықаралық ассоциация, Кризистік көмек желісі, Live For Tomorrow, Сингапур самаритяндары және Ұлыбритания самаритяндары ұйымдарындағы сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Доктор Томас Нидеркротенталерге, Рори О’Коннорға, Дэниел Рейденбергке және Джо Робинсонға кеңестері мен зерттеулері үшін алғыс білдіреміз.

Жауапкершіліктен бас тарту

Егер кризистік жағдайға душар болсаңыз, сізге немесе жақын адамыңызға қауіп төніп тұрса немесе шұғыл медициналық көмек қажет болса, дереу жергілікті төтенше жағдай қызметтеріне қоңырау шалыңыз. TikTok нұсқаулықтары мен құралдар жиынтықтары психологиялық немесе медициналық қызметтерді көрсетуге арналмаған. TikTok-тағы контент тек ақпараттық және танымдық мақсатта жасалады және таратылады.

TikTok-тағы «Психикалық Мәселелер Туралы Бөлісу» мақаласы медициналық, психологиялық немесе психиатриялық диагнозды, емдеуді немесе маман консультациясын алмастыра алмайды. TikTok-та қызметтер немесе оқу материалдары қолжетімді деген оймен кәсіпқой маманға жүгінуден бас тартпаңыз және консультацияны кейінге қалдырмаңыз. TikTok-та әңгімелеріңізді және/немесе тәжірибеңізді жеке немесе басқа жолмен бөлісу арқылы сіз бөліскен кез келген ақпараттың құпиялылығын күтпейтінін мойындайсыз және келісесіз.


Қиын жағдайдағы қауымдастық мүшелеріне қолдау көрсету

TikTok-тағы қауымдастық мүшелерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқаты — біздің басты міндетіміз. Әрбір адам психикалық денсаулыққа қатысты қиындықтар кезінде басқа адамдарға көмектесіп, қолдау бере алады. Суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы ойлар пайда болғанда, адамдар көбінесе достарына және қауымдастық мүшелеріне жүгінеді. Мұндай қиындықтарға тап болғаныңызды достарыңыз бен қауымдастық мүшелері бірінші болып байқайды. Ортаңыздағы адамға көмек керек екенін байқаған болсаңыз, не істеу керектігін білесіз бе? Зерттеулерге сүйенсек, қолдау тәсілдерінің кейбірі басқаларына қарағанда едәуір қауіпсіз әрі тиімді болатын көрінеді. Бұл нұсқаулықта суицидтік немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы ойлары бар адамға қалай жауап беруге болатыны туралы кеңестер берілген.

Қиындықтарға тап болғанның келесі белгілерін дер кезінде байқау маңызды болып табылады:

  1. Суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы ашық әңгімелер, мысалы, «Өлгім келеді» деген сөздер, өзіне-өзі қол жұмсауға ниет білдіру немесе оның жолдарын талқылау, жақында ғана болған өзіне-өзі зақым келтіру әрекеттерінің іздері көрсетілетін видеоларды бөлісу.
  2. Суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы жанама әңгімелер. Кейде адамдар бүркемелеп сөйлеуі мүмкін, мысалы, «Жарамның ауырғаны қойса екен», «Бұдан әрі шыдай алар емеспін».
  3. Жылау, қайғырып жүргені, үміті үзілгені, бойын үрей билеп алғаны және/немесе дұрыс ұйықтай алмай жүргені туралы әңгімелер.
  4. Соңғы кезде немқұрайлылық пен тәуекелді істердің көбеюі.
  5. Интернеттегі қудалау және үркітетін пікірлер үшін уайымдау.
  6. Ұйықтау, жуыну немесе киіну сияқты күнделікті істерді жасаудың қиынға соғуы.

Қиын жағдайға тап болған адаммен қалай сөйлесу керек? Мұндай адамдардың тілін табу үшін мына қадамдарды орындаңыз!

  • Стресс жағдайында ойыңызды дұрыс жеткізу қиындай түседі. Әңгімені бастамас бұрын, бірнеше рет терең дем алып, денеңізді жібітіп, санаңызды тыныштандырыңыз.
  • Есіңізде болсын: біреудің қауіпсіздігі үшін тек сіз ғана жауап бермейсіз, ол адам басқаларынан да көмек сұрай алады. Егер мұндай әңгімелерге қатысуға шамаңыз жетпейтінін сезсеңіз, қатыспаңыз.
  • Өзіңізге зиян келтірместен, қалай көмектесе алатыныңызды ойлаңыз. Бәлкім, жедел желіге хабарласып немесе сенімді ересек адамыңызбен сөйлесіп, уайымыңызбен бөліскеніңіз жөн болар. Осылайша кейінгі әрекеттерді жоспарлауға қатысты көмек ала аласыз.
  • Кейбіреу адамдарға ойларын алдын ала ретке келтіріп, жазып алған ыңғайлы болуы мүмкін.

Қиын кезеңдерді бастан кешіп жатқан адам жалғызсырап, біреудің қолдауына мұқтаж болуы мүмкін. Төменде мұндай жағдайда жауап берудің бес нұсқасы берілген:

  1. Егер сұхбаттасыңыздың өміріне тікелей қауіп төніп тұр деп есептесеңіз, төтенше жағдай қызметіне, жергілікті кризистік желіге немесе кәсіби медициналық көмекке жүгініңіз. Бұл шешімдерді қиын жағдайға тап болған адамның өзімен бірге таңдағаныңыз және олар маманмен тікелей сөйлесіп жатқан кезде жанында болғаныңыз жөн.
  2. Егер дәл қазір өмірге ешқашан қауіп төніп тұрған болмаса, сенімді ересек адамыңызға, жергілікті кризистік желіге немесе кәсіпқой маманға жүгініңіз.
  3. Егер TikTok қауымдастық ережелерін бұзатын контентті көрсеңіз, қолданба ішінде мына қадамдарды орындау арқылы шағым жіберуіңізге болады. Бүкіл ақпарат құпия және анонимді болып қалады. Онымен қоса, контент авторы жергілікті кризистік ресурстарға сілтемелерді алады.
  4. Егер жеке хабар арқылы сөйлескенді қаламасаңыз, тегін жергілікті кризистік ресурстарға сілтемелерді барлығына қолжетімді болатындай етіп бөлісіп көріңіз.
  5. Егер адаммен оңаша сөйлесу қолайсыздық тудырмаса, жеке хабар арқылы қолдау білдіріп қойыңыз. Тіл табысу үшін осы нұсқаулықтағы ұсыныстарды орындаңыз.

Мұқият тыңдап, егжей-тегжейлі жауапты талап ететін сұрақтар қойыңыз. Сұхбаттасыңыздың уайым-қайғысы мен эмоцияларын теріске шығармаңыз, бірақ суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру қиындықтармен күресудің қалыпты және/немесе тиімді әдісі деп те айтпаңыз. Сұхбаттасыңыздың мәселесіне бар назарды жұмылдыруға тырысыңыз. Жеке мәселелеріңізбен қанша бөліскіңіз келсе де, оларды айтпағаныңыз жөн, себебі сұхбаттасыңыз өзін түкке тұрмайтын сияқты сезінуі мүмкін. Дереу мәселе шешімдерін іздеуге кіріспеңіз, себебі жағдайды толық білмегендіктен, сұхбаттасыңызды ренжітіп алуыңыз мүмкін. Жанашырлықты білдірудің мысалдары:

  • «Саған қазір оңай емес екенін өз көзіммен көріп тұрмын. Мұндайда әрі қарай не істеу керек екенін түсіну қиын».
  • «Өміріңде бірдеңені қатты өзгерткің келетін сияқты. Ол не нәрсе?»
  • «Сүйіктіңмен айырылысқан соң, бүкіл әлемде жалғыз өзің қалып қалған сияқты сезінесің. Ешкімнің сенде шаруасы жоқ сияқты! Бұл саған қиынға соғып жатқан жоқ па?»

Зерттеулерге сүйенсек, суицид туралы сұрақтар сұхбаттастың өзіне-өзі қол жұмсау ықтималдығын арттырмайды және бұл шешімді тезірек іске асыруға септігін тигізбейді. Керісінше, ашық әңгіме біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін:

  • Егер сізді бірдеңе мазаласа, сұхбаттасыңыздан суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы ойлап туындай ма деп тікелей сұрап көріңіз. Мысалы: «Өз-өзіңе қол жұмсау туралы ойлар келген бе?» Сұхбаттасыңыз әзілдеп айтқан сияқты боп көрінсе де, сұрағаныңыз артық болмас!
  • Егер сұхбаттасыңызға суицид немесе өзіне-өзі зақым келтіру туралы ойлар келсе, (i) оларды іске асыру әдістері; (ii) нақты уақыты; (iii) нақты орын туралы сұрақтар қойыңыз.
  • Егер сұхбаттасыңыз суицидтік ойлар келгенін мойындамаса, оның сөзіне сыни көзқарас білдірмеуге тырысыңыз. «Уф-ф-ф» немесе «Құдайға шүкір» деген сияқты сөздерді айтпаңыз. Одан гөрі «ашып айтқаныңа рақмет!» деген сияқты сөздер айтқан дұрыс. Сонда сұхбаттасыңызда осындай ойлар туындағанда, сізге қысылмастан айта алатын болады.
  • Суицид пен өзіне-өзі зақым келтірудің алдын алу бойынша ең тиімді әдістердің бірі — деструктивті әрекеттерге арналған құралдарға қол жеткізу мүмкіндігін шектеу. Мүмкін болған кезде, сұхбаттасыңыздың өзіне-өзі зақым келтіру үшін пайдалана алатын заттардың барлығын алып тастаңыз.
  • Егер суицидтік ойлар қайта туындаса немесе күшейсе, сөйлесуге болатын сенімді адамды тауып қойыңыз. Егер сұхбаттасыңыз кәмелетке толмаған болса, сенімді ересек адамды, кризистік желіні немесе кәсіпқой психологты табуға көмектесіңіз. Оның не деп айтатынын бірге ойластырыңыз және көмек сұраған жағдайда демеу беріңіз. Егер балаңызды сүйікті мұғалімі бар болса, мәселесін оған айтып берсе болады.
  • Көптеген адамдарда қиын жағдайда орындайтын, 4-5 әрекеттен тұратын салт жоралары бар. Сіз көмектесіп жатқан адамға осындай салт жораларды тауып көріңіз! Бұл тізімге мыналар кіруі мүмкін:
  1. Сезімдерге назар аудара отырып, бір стақан салқын су ішу
  2. Жаңа TikTok биін үйренуге 15 минут жұмсау
  3. Жылы душқа асықпай түсу
  4. Сүйікті кітапты қайта оқып шығу немесе көңілді әнді тыңдау.
  5. Достарыңыздың қолдауын алу және/немесе хал-жағдайын сұрастыру үшін СМС жазу
  6. Уайым-қайғымен бөлісу үшін жергілікті кризистік жедел желіге хабарласу

Сұхбаттасыңызға өз бетінше көмек сұрауға және өзінің қауіпсіздік қамын ойлауға мүмкіндік беріңіз:

  • Жедел желі нөмірін, терапевтерді бірге іздеуді ұсыныңыз немесе ересектермен сөйлескен кезде жанында болыңыз. Бұл көмек сұрау кезіндегі психологиялық тосқауылдарды жоюға көмектеседі.
  • Сұхбаттасыңыздың қиындықтарды жеңуге арналған ресурстары мен құралдары бар екеніне көз жеткізіңіз. Мысалы, өмір сүру себептерінің, пайдалы әдеттердің, қиын кезеңдерде көмектесе алатын таныстардың тізімін құруды ұсынып көріңіз. Суицидтік және өзіне-өзі зақым келтіру туралы ойлардан кейін қалыпты өмірге бірден оралу екіталай. Бірақ, ең бастысы, күн сайын шағын қадамдар жасап отыру қажет.

Есіңізде болсын: егер біреудің хал-жағдайына уайымдасаңыз, ең алдымен ол адаммен тіл табысуға тырысыңыз. Біреуге қамқорлық жасау үшін сізге біреу өзі жүгінгенше күтіп отыру міндетті емес. Сіз де, өзгелер де өз-өзіне күтім көрсете алатын болуы керек. Біреудің ойлары немесе іс-әрекеттері үшін ешкім толық жауап бере алмайды. Егер мұндай тақырыптарды қазір талқылауға дайын болмасаңыз немесе мұндай әңгімелер жаныңызға бататын болса, сөйлеспеңіз. Досыңыздың немесе қауымдастық мүшесінің жағдайына тек сіз ғана әсер етпейсіз. Ол үшін арнайы ресурстар бар. Біздің ортақ міндетіміз — бір-бірімізге қамқор болу. Біз адамдарға қауіп-қатерлерден қорғануға көмектесіп, қолдау көрсетіп, тиісті ресурстармен бөлісе аламыз.

Ресурстар

Қосымша ресурстарды, соның ішінде эмоционалдық қиындықтарға тап болған адамдарға көмек көрсететін тегін жедел желілер тізімін TikTok қауіпсіздік орталығынан қараңыз.

Бұл құралдар жиынтығы Суицидтің алдын алу бойынша халықаралық ассоциация, Кризистік көмек желісі, Live For Tomorrow, Сингапур самаритяндары және Ұлыбритания самаритяндары ұйымдарындағы сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Доктор Томас Нидеркротенталерге, Рори О’Коннорға, Дэниел Рейденбергке және Джо Робинсонға кеңестері мен зерттеулері үшін алғыс білдіреміз.

Жауапкершіліктен бас тарту

Егер кризистік жағдайға душар болсаңыз, сізге немесе жақын адамыңызға қауіп төніп тұрса немесе шұғыл медициналық көмек қажет болса, дереу жергілікті төтенше жағдай қызметтеріне қоңырау шалыңыз. TikTok нұсқаулықтары мен құралдар жиынтықтары психологиялық немесе медициналық қызметтерді көрсетуге арналмаған. TikTok-тағы контент тек ақпараттық және танымдық мақсатта жасалады және таратылады. 

TikTok-тағы «Психикалық мәселелер туралы бөлісу» мақаласы медициналық, психологиялық немесе психиатриялық диагнозды, емдеуді немесе маман консультациясын алмастыра алмайды. TikTok-та қызметтер немесе оқу материалдары қолжетімді деген оймен кәсіпқой маманға жүгінуден бас тартпаңыз және консультацияны кейінге қалдырмаңыз. TikTok-та әңгімелеріңізді және/немесе тәжірибеңізді жеке немесе басқа жолмен бөлісу арқылы сіз бөліскен кез келген ақпараттың құпиялылығын күтпейтінін мойындайсыз және келісесіз.