Skip to main content
Тақырыптар

Жануарларға деген қамқорлық

TikTok шығармашылықпен айналысуға, айналадағы дүниемен танысуға және әлемнің кез келген түкпіріндегі адамдармен араласуға болатын ғаламдық қауымдастық құруда. Біз дамып келе жатқан қауымдастығымыз үшін жайлы атмосфераны сақтауға ұмтыламыз. Сонымен қатар біз үй жануарларының иелеріне және жануарларды жақсы көретін адамдарға жануарларға қатысты контентті қарауға және бөлісуге арналған кеңістік береміз.

Біздің платформада жануарларға қатысты зорлық-зомбылықты немесе жануарлардың зардап шегуін насихаттайтын, мадақтайтын немесе қалыпты нәрсе ретінде көрсететін контентке тыйым салынады. Біз TikTok-тың барлық пайдаланушылар үшін қауіпсіз әрі сүйікті жері болып қалғанын қалаймыз және ол үшін жануарларға деген қатыгездікті қамтитын немесе насихаттайтын контентті немесе аккаунттарды анықтайтын, тексеретін және тиісті шараларды қабылдайтын технологиялар мен модераторлар топтарының көмегіне жүгінеміз. Біз жануарларға қатысты, саясаттарымызды бұзатын контенттің пайда болуына жол бермеу және жою үшін тоқтаусыз бар күшімізді саламыз.

Жануарларға деген қатыгездік дегеніміз не?

Жануарларға деген қатыгездік жануарға физикалық немесе психологиялық зиян келтіруді білдіреді. Бұған жануардың физикалық жарақаттануына әкелетін күшті қолдану, жануарға негізгі азығын немесе суды бермеу, санитарлық шарттарды сақтамау немесе медициналық көмек көрсетпеу, жануарға ермек үшін зиян келтіру немесе қинау, сондай-ақ жануарға қатыгез немесе адамгершілікке жатпайтын процедураларды жүргізу кіреді.

Жануарларға деген қатыгездікті қалай анықтауға болады?

Ең алдымен, жануарға зиян келтіретін немесе қинайтын әрекеттерге немесе мінез-құлыққа жол бермеу керек. Жануарларға деген қатыгездіктің келесі белгілерін есте сақтаған жөн (тізім толық емес):

  • Жануарға қатысты агрессия және/немесе зорлық-зомбылық көрсету, мысалы, оны қолмен ұрып-соғу немесе тебу
  • Жануарды айқайлап үркіту және қатты дыбыстармен үзбей қинау
  • Жануарды ол үшін зиянды немесе улы болуы мүмкін жарамсыз азықпен қоректендіру
  • Бір-біріне ауыр жарақат немесе өлім қаупін туғызатын шабуыл жасауға мәжбүрлейтін сахналанған немесе күштеп шағыстыру
  • Жануарды оның денсаулығына немесе әл-ауқатына теріс әсер ететін антисанитариялық жағдайларда ұстау
  • Айқын түрде жарақат бар болған жағдайда (мысалы, ақсаңдап жүрсе, қан ақса немесе құйрығы сынған болса) тиісті медициналық көмек көрсетпеу

Сіз бұл жағдайға ықпал ете аласыз

Жануарларды қастерлеп, оларға қамқорлық көрсетудің алуан түрлі жолдары бар. Төменде тиісті жағдайларда орындауға болатын және орындалуы керек кеңестер берілген:

  • Егер сізде үй жануары бар болса, оған жауапкершілікпен және мейіріммен қараңыз. Оны жалғыз өзін қалдырар кезде, оның күтімін алдын ала ұйымдастырып қойыңыз. Сондай-ақ жануарыңыздың тек негізгі қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып қоймай, оның әл-ауқатын жақсартуға тырысыңыз.
  • Балаларыңызды жануарларды қадірлеуді үйретіңіз. Оларға үлгі болыңыз: жануарларға махаббатыңызды және көңіліңізді бөліңіз, жануарларға қалай қарау керектігін үйретіңіз және жануарлардың қорғаушысы болатындай етіп тәрбиелеңіз.
  • Жануарларға деген қатыгездік және жануарларды ұстау жағдайларына қатысты мәселелерді тиісті жолмен көтеретін графикалық емес ағартушы контентті таратуға тырысыңыз. Мұндай әрекет жануарларға тиісті күтім көрсетілмеген немесе олар зардап шеккен жағдайда іске араласудың қаншалықты маңызды екенін жеткізеді.
  • Өзінің үй жануарына күтім көрсетуге шамасы келмеген адамдарға қалай көмектесуге болатынын ойластырыңыз. Жануарға тиісті күтім көрсетпеудің әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мысалы, жануар иесі психологиялық немесе қаржылық мәселелерге байланысты тиісті күтімді қамтамасыз ете алмаған болуы мүмкін. Сіздің көмегіңіз жағдайды әлдеқайда жақсартуы мүмкін, себебі сіздің арқаңызды жануарға да тиісті күтім көрсетіледі, иесіне де жеңілдеу болады.
  • Жануарларға арналған панажайлар мен жануарларды қорғау ұйымдарының жұмысын қолдау үшін, қайырымдылық жасаңыз немесе ерікті ретінде көмектесуге уақыт бөліңіз.

Пайдалы ресурстар

Егер TikTok платформасында жануарларға деген қатыгездікті бейнелейтін контентті байқасаңыз, ол туралы хабарлауға кеңес береміз. Ол үшін контентті басып ұстап тұрыңыз да, «Шағымдану» түймесін басыңыз, содан кейін тиісті себепті таңдаңыз. Сондай-ақ онлайн форманы пайдалануыңызға болады. Жануарларға деген қатыгездік туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына ұйымдардың біріне хабарлассаңыз болады:

Жауапкершіліктен бас тарту

Бұл нұсқаулық пайдаланушыларға білім беру мақсатында берілген. Мұндай ақпаратты бере отырып, біз ешқандай пайда көрмейміз. Сонымен қатар мұндай ақпарат аталған сыртқы ұйымдармен ынтымақтастықтың немесе өзара әрекеттесудің тікелей нәтижесі болып табылады.